Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған заманауи оңалту орталықтарының желісі кеңейіп келеді. Осындай жаңа нысандардың бірі Қонаев қаласында ашылуы жоспарлануда.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңалту инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Қазіргі уақытта еліміздің 12 өңірінде әрқайсысы 150 орынға есептелген оңалту орталықтарын салу жобалары іске асырылуда.
Қонаев қаласында әзірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар қаржыландыру көздері, оның ішінде демеушілік қаражат тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаның іске асырылуы өңір тұрғындарына медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалтуды тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2028 жылға дейін Қазақстанда 1 850 төсек-орынға арналған 12 заманауи оңалту орталығын салу жоспарланған. Есеп бойынша, олардың іске қосылуы 1 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау және Астана қалаларында осындай алты орталық жұмысын бастады. Тағы төрт нысанды 2027 жылдың соңына дейін Шымкент, Талдықорған, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында аяқтау жоспарлануда.
Жаңа орталықтар заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, арнайы көмекке мұқтаж азаматтарды кешенді оңалтуға, әлеуметтік бейімдеуге және олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.
Қонаевта мұндай орталықтың ашылуы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ бұл қала мен өңір тұрғындары үшін мамандандырылған оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
