Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында жылына 150 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы «Казкрахмал» ЖШС зауыты жұмысын бастады. Кәсіпорында 500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Зауытта жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетеді. Алғашқы кезеңде кәсіпорын крахмал, глютен, экстракт және мезга өндіреді. Алдағы уақытта өнім түрлерін мальтодекстрин, сірне және шәрбаттарды қоса алғанда, 28 атауға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету үшін өңірде жүгері егістігінің көлемі ұлғайып, тамшылатып суару технологиясы енгізіледі.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жылдық жалпы қуаты 510 мың тонна болатын астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге жететін Fufeng Group кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды.

Бұдан бөлек, Ақмола және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Астанада тағы төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, пысықталып жатыр.

Нәтижесінде елімізде астықты терең өңдеу қуатын жылына 5,8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Back to top button