ҰБТ-ға дайындыққа арналған онлайн-курсты сатып алу Жетісу облысының тұрғыны үшін үлкен күйзеліс пен жүздеген мың теңгеден айырылу қаупіне айналды.
Келіншек қызына арнап оқу бағдарламасының курсын сатып алып, сабақтарға бірден қолжетімділік беріледі деп үміттенген. Алайда 408 мың теңге төлегеніне қарамастан, уәде етілген оқу уақытында басталмаған.
Тұтынушының айтуынша, платформаға қолжетімділік бірнеше күннен кейін ғана ашылған. Мұндай кешігу қызметтің сенімділігіне күмән тудырып, отбасы курстан бас тартып, қаражатты қайтаруды талап еткен. Бірақ компания толық соманы қайтарудың орнына, жүйеге қолжетімділік берілгенін алға тартып, қаржының едәуір бөлігін ұстап қалатынын хабарлаған. Курс шарттарына сәйкес, оқудан бас тартқан жағдайда төлемнің 40%-ына дейін ұстап қалу қарастырылған.
Мұндай талаппен келіспеген әйел Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар жағдайды зерделеп, шарттағы кейбір тармақтар клиент құқықтарын шектесе, заңнамаға қайшы келуі мүмкін екенін түсіндірген.
Сотқа дейінгі талап-арыздан кейін ұйым дауды ушықтырмай, тұтынушыға 408 мың теңгені толық көлемде қайтарып берді.
