Қазақстандық ғалымдар ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары — энтомофагтарды дрондардың көмегімен автоматты түрде тарату технологиясын әзірледі.
BioDrop әзірлемесін Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасаған. Жүйе биологиялық материал салынған биоыдырайтын капсулалардан, оларды тарату құрылғысынан және ұшқышсыз ұшу аппаратынан тұрады.
Дрон капсулаларды белгіленген бағыт бойынша егістік алқаптарына жеткізеді. Орналастырылғаннан кейін капсулалардан зиянкестерді жоятын энтомофагтар, атап айтқанда Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor түрлері біртіндеп таралады.
Технологияның басты артықшылығы — қолдану жылдамдығы мен тиімділігінде.
Далалық сынақтар BioDrop технологиясының биологиялық тиімділігі 14 күннен кейін 81-83%-ға жеткенін көрсетті. Ал энтомофагтарды қолмен тарату кезінде бұл көрсеткіш 70-73%-ды құраған. Сонымен қатар, бір алқапты өңдеу уақыты 1-1,5 сағаттан 10-15 минутқа дейін қысқарған.
Қазіргі уақытта технология төрт шаруашылықта қолданылып жатыр. Алдағы уақытта оны дәлме-дәл егіншілік және фитосанитариялық мониторинг жүйелерімен ықпалдастыру жоспарланған. Бұл егістікті қорғау жұмыстарын автоматтандырып, ауқымды әрі қолжетімділігі қиын аумақтарды жылдам өңдеуге мүмкіндік береді.
