Жаңалықтар

ИРАНДЫҚ ИНВЕСТОР ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ ІРІ ЗАУЫТТАРДЫҢ БІРІН САЛУДА

 

Алматы облысында жылына 155 мың тонна өнім өндіретін ірі ірімшік зауыты бой көтереді. Тиісті инвестициялық келісімге Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Иранның Solico Group азық-түлік холдингінің президенті Голам Али Сулеймани қол қойды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 35,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа жоба Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ. Ол сүтті толық өңдеу қуатын едәуір арттырып қана қоймай, отандық сүт өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өндірістерді құру агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Оның мәліметінше, 2025 жылы елімізде ірімшік пен сүзбе өндірісі 13,1 пайызға өскен. Ал жаңа жобаның іске асуы Қазақстанның сүт өнімдері нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Solico Group президенті Голам Али Сулеймани Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары, географиялық орналасуы қолайлы әрі инвестициялық ахуалы тартымды ел екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания Қазақстанды ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады.

Ірімшік зауытын салумен қатар, компания картопты өңдеу және балалар тағамын өндіру бағытындағы жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін де зерделеп жатыр.

 

Back to top button