Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына шамамен 2,9 млн жаңа маман қажет болады. Осыған байланысты кәсіби стандарттарға цифрлық құзыреттер, соның ішінде жасанды интеллектпен, деректермен жұмыс істеу, BI-талдау және киберқауіпсіздік негіздері бойынша дағдылар енгізіледі. Жасанды интеллект Қазақстандағы мамандықтардың мазмұны мен жұмыс берушілер қоятын талаптарды өзгертіп жатыр.
2026 жылдың соңына дейін мұндай стандарттар 600-ден астам жұмысшы кәсіпті қамтиды деп жоспарланып отыр. Жаңа талаптар колледждер мен жоғары оқу орындарында кадр даярлау, сондай-ақ қайта даярлау бағдарламалары кезінде қолданылатын болады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект ең алдымен күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандырады. Ал көптеген мамандықтарда жұмыстың мазмұны мен қажетті дағдылар жиынтығы өзгеріп келеді.
Сонымен қатар Қазақстанда жасанды интеллект негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіліп жатыр. Пилоттық жоба Павлодар облысында іске қосылды. Жыл соңына дейін жүйені бүкіл ел бойынша енгізу жоспарланған. Ол азаматтың цифрлық профилін қалыптастырып, оның дағдылары мен тәжірибесін бос жұмыс орындарымен сәйкестендіреді, түйіндеме жасауға көмектеседі және қажет болған жағдайда Skills Enbek платформасы арқылы оқуға бағыттайды.
Цифрлық жүйенің негізі — Enbek.kz платформасы. Онда 900 мыңнан астам жұмыс беруші мен 3,3 млн жұмыс іздеуші тіркелген. 2026 жылы 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, шамамен 100 мың адамды онлайн форматта сұранысқа ие құзыреттерге оқыту, сондай-ақ 500 мың оқушыға жұмыс іздеу дағдыларын үйрету жоспарланып отыр.
Осылайша, жасанды интеллект біртіндеп еңбек құралы ғана емес, кадр даярлау мен жұмыспен қамтудың мемлекеттік жүйесінің де бір бөлігіне айналып келеді.
