Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға 122,6 млрд теңге кәдеге жарату төлемдері бөлінді.Қайта өңдеу кәсіпорындарын, сұрыптау кешендерін құруға және мамандандырылған техниканы жаңартуға бағытталған 34 жоба қаржыландырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 440 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады. Осылайша, әзірге бастамалардың шамамен жартысы ғана қаржыландырылған. Бүгінгі таңда 15 жобаның іске асырылуы аяқталды.Қаржыландырылған бастамалар шеңберінде қуаттылығы жылына 650 мың тонна қалдық болатын алты сұрыптау объектісін құру және жалпы қуаттылығы 435 мың тонна болатын 18 қайта өңдеу өндірісін дамыту көзделген. Тағы он жоба 177 бірлік мамандандырылған техниканы сатып алумен байланысты.
Пайдалануға берілген нысандардың қатарында жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер мен жыл сайын 19,3 мың тонна шикізатты өңдеуге қабілетті кәсіпорындар бар. Сонымен қатар 131 бірлік арнайы техника сатып алынды.
Жобалар Алматы қаласында және еліміздің бірқатар облысында, соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарында жүзеге асырылуда. Олар макулатураны, ПЭТ-бөтелкелерді, автокөлік шиналарын және қалдықтардың басқа да түрлерін қайта өңдеуді, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды қамтиды.
Сонымен бірге саланы одан әрі дамыту тек жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуға ғана емес, олардың нақты жүктемесіне, қайталама шикізатты тұрақты жинауға және қайта өңдеудің экономикалық тиімділігіне де байланысты. Жаңа бастамалар бойынша қарау және келісу рәсімдері жалғасып жатыр.
