«Құттықтаймыз, сіз жеңілдік ұтып алдыңыз!»
Ақмола облысының тұрғыны үшін бұл сөздер 1 миллион теңгелік несиеге ұрындыра жаздаған оқиғаның бастамасы болды.
31 мамыр күні ер адам Атбасар қаласындағы тауарлар таныстырылымына шақырылған. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар ұтыс ойынын өткізіп, оған массажға арналған жабынға қомақты жеңілдік ұтқанын хабарлаған.
Тауардың бастапқы бағасы 1 млн 750 мың теңге болған. Ал «ұтып алған» жеңілдікпен оны 1 млн теңгеге сатып алу ұсынылған. Сондай-ақ сатып алушыға бонус ретінде жүннен жасалған төсек-орын жиынтығы мен сымсыз шаңсорғыш табысталған.
Таныстырылымнан кейін тұтынушының атына банк арқылы бөліп төлеу рәсімделген. Алайда үйіне барған соң ол сатып алған тауарын мұқият қарап шығып, өнімнің сапасы да, бағасы да күткеніне сай келмейтінін түсінген.
Сонымен қатар сатып алушы денсаулық жағдайына байланысты массаж жабындысын пайдалануға қатысты қарсы көрсетілімдер туралы өзіне ешқандай ақпарат берілмегенін мәлімдеген.
Дауды өз бетінше шешу әрекеттері нәтиже бермеген соң азамат Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Ведомство мамандары дауды сотқа дейін реттеу барысында тараптардың уәждерін тыңдап, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын түсіндірген.
Нәтижесінде тараптар сатып алу-сату шартын бұзу туралы келісімге келген. Осылайша мәміле күшін жойып, 1 миллион теңге көлемінде рәсімделген несие де толықтай тоқтатылды.
Бұл оқиға жарқын таныстырылымдар, сыйлықтар мен тартымды жеңілдіктерге қызығып жасалған сатып алулар кезінде де тұтынушы өз құқығын қорғап, әділ шешімге қол жеткізе алатынын көрсетеді.
Эта история еще раз напоминает: даже если покупка совершена под влиянием яркой презентации, подарков и заманчивых скидок, потребитель имеет право отстаивать свои интересы и добиваться справедливого решения.
