Алматы облысында жаңа жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқаннан кейін жылына 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, 12 мың тоннаға дейін көкөніс және жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көзделген.
Жобаның инвестициялық құны 18,1 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Жобаны «Alatau Green Production» ЖШС жүзеге асыруда.
Жылыжай кешені 16 гектар аумақты қамтиды. Оның 8 гектары жоғары өнімді көкөніс гибридтерін өсіруге бөлінеді. Сонымен қатар маусымдық өнімді сақтауға арналған тиісті инфрақұрылым құрылады.
Алдын ала есептеулерге сәйкес, жоба облыстың жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 8-10 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемінің ұлғаюы және делдалдар санын азайту әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын кемінде 10%-ға төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Жаңа кешен өңірдегі жылыжай шаруашылығының дамуына серпін бермек. Қазіргі таңда Алматы облысында жалпы аумағы 87,2 гектар болатын 49 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді.
Өткен жылы өңірдегі жылыжайларда 15,9 мың тонна өнім өндірілді. Оның ішінде 9,3 мың тонна қызанақ, 5,8 мың тонна қияр және 0,8 мың тонна жасыл желек бар.
Өнімнің негізгі бөлігі Алматы қаласы мен оған іргелес аумақтардың нарықтарына жөнелтіледі. Сонымен қатар облыста өндірілген жылыжай өнімдері экспортқа да шығарылады. Өткен жылы экспорт көлемі 1 434,3 тоннаны құрады.
