Қазақстанда маусым айының әр үшінші жексенбісінде медицина қызметкері күні аталып өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында Алматы облысының Іле ауданында салтанатты шара өтті. Оның аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі медициналық ұйымдарға 70 жаңа жедел жәрдем көлігін табыстап, сала үздіктерін марапаттады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, берілген көліктердің 30-ы — «С» санатындағы реанимобиль, тағы 40-ы – «В» санатындағы жедел жәрдем көлігі. Барлығы шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Соңғы бір жылда өңірде 38 денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетті. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғайып, нәресте өлімі бір жыл ішінде 25,5 пайызға төмендеген.

Мерекелік шара барысында ондаған медицина қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сондай-ақ үздік ауыл дәрігерлері, жедел жәрдем мамандары мен медициналық ұйымдар басшыларын қоса алғанда, 12 кәсіби аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.
