Жаңалықтар

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

 

Шымкент қаласының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын бұзғанын анықтады.

Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында кәсіпкерлердің біріне 466,5 млн теңге көлеміндегі заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама негізсіз жолданғаны белгілі болды. Ал іс жүзінде анықталған бұзушылықтардың көлемі небәрі 28 млн теңгені құраған. Мемлекеттік кірістер органының мұндай әрекеті кәсіпкердің құқықтарын едәуір шектеген.

Прокуратураның араласуынан кейін заңсыз хабарлама күшін жойды. Құқық бұзушылыққа жол берген қызметкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органының тағы бір қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол кәсіпорынның банк шоттарына қойылған шектеулерді уақытылы алып тастамай, инвестордың құқықтарын бұзған.

Прокуратура заңды кәсіпкерлік қызметті қорғау және мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз қысым көрсету фактілерінің жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

 

Back to top button