Түркістан облысында жылына 50 мың басқа дейін ірі қара малды ұстап, бордақылауға арналған кешен ашылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл – Орталық Азиядағы осындай бағыттағы ең ірі нысан. Кешеннің ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.

Жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Ол жемшөп дақылдарын өсіру мен мал бордақылаудан бастап, мал сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Кешен жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді.
Компаниялар тобының құрамында қазірдің өзінде қуаттылығы 7,2 мың тонна ет өнімдерін өндіретін кәсіпорын және жылына 46 мың тонна құрамажем шығаратын зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың басқа арналған мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Кешен құрылысы кезінде мал шаруашылығындағы австралиялық технологиялар қолданылды. 2024 жылдан бастап Қазақстанда мал өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және саланың заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған австралиялық модельдің жекелеген элементтері енгізіліп келеді.
Серік Жұманғариннің айтуынша, өткен жылы Қазақстанның ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Сонымен қатар билік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу көлемін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр.
Қазір еліміздің жалпы ішкі өніміндегі агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған.

