2025 жылғы желтоқсанда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризмді дамыту мақсатында еліміздің бірнеше өңірінде ойын алаңдарын құруды көздейтін түзетулер қабылданғанын хабарлады. Каспий теңізінің жағалауы және басқа да жерлер әлеуетті аймақтар ретінде қарастырылуда, нақты учаскелерді жергілікті билік инфрақұрылым мен инвестициялық әлеуетті ескере отырып белгілейді.
Салалық ведомствоның бағалауынша, әрбір жаңа казино жыл сайын бюджетке 2–3 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етіп, шамамен 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік деңгейде ойын бизнесінің туристік экономиканың толыққанды бөлігі екені және инвестиция, жұмыспен қамту мен сервистік инфрақұрылымды дамытудың драйвері бола алатыны жөніндегі түсінік бекітілуде.
Қазақстанда Қапшағай су қоймасы жағалауында және Бурабайда қалыптасқан ойын кластерлері бар. Бұл аймақтарда жылдар бойы инфрақұрылым, кадрлық база және ілеспе қызметтер нарығы қалыптасты. Осы тұрғыда ойын аймақтарының географиясын кеңейтуді саланы дамытудың келесі кезеңі ретінде қарастырған жөн. Мұндай жағдайда стратегиялық тұрғыдан қолданыстағы, әлеуеті мен операциялық тәжірибесі бар алаңдарды қатар дамыту орынды.
Сонымен қатар жаңа алаңдарды іске қосу негізгі параметрлерді жан-жақты пысықтауды талап етеді. Ең алдымен реттеуші шарттар мәселесі туындайды: оларға қолданыстағы салық және жарнама заңнамасы толық қолданыла ма? Бұрынғы нормалар сақталған жағдайда, қолданыстағы жарнама шектеулері аясында туристерді тарту тетіктері мен бәсекеге қабілеттілік мәселесі ашық күйінде қалуда. Ал егер жаңа жобаларға ынталандырушы режимдер қолданылса, онда олардың заңдылығын және жұмыс істеп тұрған алаңдармен шарттардың теңдігін қамтамасыз ету принципті маңызға ие.
Кадрлық қамтамасыз ету де өзекті мәселе болып отыр. Бір ойын кешенінің жұмыс істеуі үшін әртүрлі бейіндегі шамамен 500 маман қажет. Осыған байланысты кадр қалыптастыру көзі айқындалуы тиіс: шетелден тарту ұлттық экономика үшін жұмыспен қамту әсерін төмендетуі мүмкін; қолданыстағы ойын аймақтарынан кадрлардың ауысуы бұрыннан қалыптасқан кластерлерді әлсіретуі ықтимал; ал жаңа отандық мамандарды даярлау саланы дамытудың неғұрлым орнықты әрі экономикалық тұрғыдан тиімді моделі болып көрінеді.
Инвестициялық аспект те маңызды болып қала береді. Жаңа алаңдарды дамытуда қазақстандық операторлар мен ұлттық нарық өкілдерінің қатысуы басым бола ма, әлде негізінен шетелдік инвесторлар тартылмақ па – бұл таңдауға байланысты. Таңдалған модельге қарай географияны кеңейту саланың жалпы өсіміне серпін беруі мүмкін немесе бар ресурстарды қайта бөлумен шектелуі ықтимал.
Осылайша, ойын аймақтарын кеңейтудің тиімділігі жаңа жобалардың қалыптасқан индустрияға қаншалықты үйлесімді интеграцияланатынына және оның ресурстарды қайта бөлмей, тұрақты ауқымдануын қамтамасыз ете алуына байланысты болмақ. Бұл тәсілдердің практикада қалай іске асатынын уақыт көрсетеді.
