Қазақстанда мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар енгізілуде. Енді орындаушылар, ұйымдастырушылар және шығармашылық ұжымдар концерт барысында вокалдық фонограмма қолданылған жағдайда бұл туралы көрерменді ашық түрде хабардар етуге міндетті.
Тиісті ақпарат көрерменге алдын ала жеткізілуі тиіс. Ол жарнамалық тасымалдағыштарда, оның ішінде афишалар мен билет сату алаңдарында орналастырылып, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылуы қажет.
Телерадио жарнамаға қатысты арнайы талаптар бар: фонограмманы пайдалану туралы хабарлама кемінде бес секунд бойы жарнамалық блоктың басында немесе соңында айтылуы тиіс (нормаларда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда).
Сонымен қатар мұндай ескертудің дыбыс деңгейі негізгі аудиожарнамадан төмен болмауы керек. Дыбыстың сапасын әдейі бұрмалауға немесе нашарлатуға жол берілмейді.
Жаңа талаптар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2026 жылғы 16 сәуірдегі №190-НҚ бұйрығымен бекітілген. Құжат 2026 жылғы 2 мамырдан бастап күшіне енеді.
