Қазақстан өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін, денсаулық сақтау, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қарағанды облысында «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі сүт-тауар фермасының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаға 30 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Алғашқы кезеңде фермада 1,2 мың сауын сиыр ұсталса, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін мал басын 6 мыңға жеткізу жоспарланған. Жоба отандық сүт өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістанда вирусологиялық зертхана ашылды. Енді биологиялық үлгілерге зерттеу жұмыстарын тікелей өңірде жүргізуге болады.
Ақтөбе облысының Бадамша ауылында түрлі зерттеу түрлеріне арналған кабинеттері бар төрт қабатты диагностикалық орталық жұмысын бастады.
Жамбыл облысына «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен екі жылжымалы медициналық кешен берілді. Оның біреуі компьютерлік томографпен, екіншісі цифрлық маммограф және сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппараттарымен жабдықталған. Кешендер шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді.
Түркістан облысында «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңғыртылды. Нәтижесінде нысанның аумағы 558,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» автожолының 42 шақырымдық учаскесіндегі жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды.
Қарағанды облысында құны шамамен 9 млрд теңгені құрайтын «ЖанаLAB» зертханалық-талдау кешені де іске қосылды. Нысан жылына 200 мыңға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шамамен 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Абай облысының Бесқарағай ауданында өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Аталған аумақта шамамен 390 мың гектар орман алқабы орналасқан.
Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов кентінде аумағы 16 мың шаршы метрге жуық жаңа саябақ ашылды. Мұнда балалар және спорт алаңдары қарастырылған.
Сонымен қатар Самар ауданындағы Құлынжон ауылында шалғай елді мекендерден келген балаларға арналған интернат пен спорт кешені пайдалануға берілді.
