Алматы облысының Қонаев қаласында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза Қазақстан – таза болашақ кепілі!» атты ақпараттық-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – келешек ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру арқылы қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.

Қонаев қаласының белсенді жастары мен қоғам өкілдері кездесуге қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, қайта өңдеу, жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық таза өмір салтын насихаттау бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалар талқыланды.

Қонаев қаласының жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер өз бастамаларын таныстырып, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тартудың жолдарын ұсынды.

Іс-шара барысында Алматы облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының бастығы Әділет Айтқазы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Бүгінгі кездесу – жай ақпарат алмасу ғана емес. Бұл әр азаматтың, әр жастың экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру. Өйткені таза орта – ұлт болашағы, ал болашақ – біздің қолымызда.»

Шара соңында қатысушылар табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолдап, өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салып, бірлесіп «таза қоршаған орта – таза сана мен жарқын болашақтың кепілі» деген ортақ оймен тарқасты. Сонымен қатар, жастар экологиялық жобаларға қатысуға, мектептер мен қоғамдық орындарда экологиялық акциялар ұйымдастыруға ниеттерін білдірді.
Бұл іс-шара Қонаев қаласының жас буынының табиғатты қорғауға белсенді қатысуына жол ашып, қаланың экологиялық мәдениетін көтеруге үлкен үлес қосты.
