Солтүстік Қазақстан облысының бес тұрғыны телефон алаяқтарына көмектескені үшін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қылмыстық схемаға пайдаланылған банк шоттары арқылы еліміздің әр өңіріндегі жәбірленушілердің қаржысы аударылып отырған.
Сот мәліметінше, айыпталушылар сыйақы үшін банк карталарын рәсімдеуге және шоттарға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беруге келісетін адамдарды іздеумен айналысқан. Мұндай қызмет үшін схемаға қатысушыларға бірнеше мыңнан ондаған мың теңгеге дейін ақы төленген.
Кейін дәл осы шоттар телефон алаяқтығы арқылы азаматтардан жымқырылған қаражатты аудару үшін пайдаланылған. Алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің және өзге де ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген.
Жәбірленушілер Қазақстанның әртүрлі қалаларының тұрғындары. Кейбірі миллиондаған теңге жинағынан айырылса, енді біреулері алаяқтардың нұсқауын орындап, тіпті жылжымайтын мүлкін сатуға мәжбүр болған.
Сотталушылар алаяқтыққа жәрдемдесті деген айып бойынша кінәлі деп танылды. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып өз дәлелін таппаған.
Іс бойынша негізгі айыпталушылар 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тағы екі адамға 4 жыл 8 айдан, ал бір сотталушыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылыққа байланысты кейбір сотталғандардың жаза мерзімі қысқартылған.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды. Сотталғандар келтірілген шығын мен сот шығындарын қоса алғанда, жалпы сомасы 48 миллион теңгеден асатын қаражатты өтеуге міндеттелді.
