Қазақстанда жатыр мойны обыры мен адам папиллома вирусымен (АПВ) байланысты өзге де аурулардың алдын алуға бағытталған АПВ-ға қарсы тегін вакцинация жалғасуда. Екпе мемлекеттік бағдарлама аясында тегін жүргізіледі.
Бұл туралы Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, онкохирург дәрігер Игорь Новиков пікір білдірді.
Маманның айтуынша, адам папиллома вирусы — әлемдегі ең кең таралған вирустардың бірі. Оның 200-ден астам түрі белгілі. Соның кемінде 14-і онкогендік қаупі жоғары топқа жатады және жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін.
«АПВ тек әйелдерге ғана қатысты мәселе емес екенін түсіну маңызды. Вирус әйелдерге де, ерлерге де жұғады. Оның кейбір түрлері жатыр мойнының және басқа ағзалардың қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Бүгінде вирусты ағзадан толық жоятын тиімді емдеу тәсілі жоқ. Сондықтан бүкіл әлемде инфекцияны жұқтырмай тұрып салынған вакцина ең тиімді қорғаныс әдісі болып саналады», — деді Игорь Новиков.
Оның сөзінше, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі болып қала береді. Елде жыл сайын шамамен 1 900 жаңа жағдай тіркеліп, 600-ден астам әйел осы дерттен көз жұмады.
Дәрігердің айтуынша, осыған байланысты жоспарлы вакцинация вируспен байланыс болуы мүмкін кезеңге дейін, яғни 11 жастағы қыз балаларға жүргізіледі. Егер екпе уақытында салынбаса, оны 17 жасты қоса алып тегін алуға болады.
Соңғы мәлімет бойынша, 11-13 жастағы 265,2 мыңнан астам қыз бала вакцинаның алғашқы дозасын алған. Екі дозадан тұратын толық иммундау курсынан 175,1 мыңнан астам адам өткен.
2026 жылдың басынан бері 51,4 мың қыз балаға вакцинаның алғашқы дозасы салынса, 49,6 мыңы екінші дозасын алған.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 13 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен 14–-17 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға ерікті вакцинация басталды. Осы кезеңде алғашқы дозамен шамамен 32,2 мың қыз бала егілді.
