Жаңалықтар

БЫЛАПЫТ СӨЗДЕР АЙТЫЛҒАН РИЛСТЕР ӘКІМШІЛІК ХАТТАМАМЕН АЯҚТАЛДЫ

Петропавлда полиция қызметкерлері жергілікті блогер Анастасия Островскаяны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұған әлеуметтік желіде былапыт сөздер қолданылған бейнероликтерді жариялауы себеп болған.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметкерлер жарияланған контентті анықтағаннан кейін тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме өткізілді.

Блогердің әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы — «Ұсақ бұзақылық» бойынша сараланды.

Аталған бап қоғамдық орындарда былапыт сөз айту, азаматтарға тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрі айналадағыларға дөрекілік білдіретін өзге де әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді.

Бұл жағдай әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың құқықтық салдары бар екенін тағы бір мәрте көрсетті. Контент авторының жария мәртебесі немесе жариялау форматы әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды жариялағаны үшін жауапкершіліктен босатпайды.

Back to top button