Жаңалықтар

ЕКІ СМАРТФОН ҮШІН МАНСАБЫНАН АЙЫРЫЛДЫ: ПАРА АЛУ ІСІ БОЙЫНША ҮКІМ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНДІ

Алматы облысында пара алу және парақорлыққа делдал болу дерегі бойынша қаралған қылмыстық іс бойынша шығарылған үкім заңды күшіне енді. Іле аудандық соты басқарма басшысын, бөлім басшысын және делдалды кінәлі деп таныды.

Сот анықтағандай, камералдық бақылау барысында жеке кәсіпкерлердің бірінде табысты төмендетіп көрсету фактісі анықталып, оған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданған.

Іс материалдарына сәйкес, лауазымды тұлғалар кәсіпкердің өкілінен салық хабарламасын кері қайтарып, банктік шоттарды бұғаттауды қоса алғанда, шектеу шараларын қолданбау үшін 5 млн теңге талап еткен. Кейін делдалдың қатысуымен заңсыз келісімнің шарты өзгертіліп, ақша орнына жалпы құны шамамен 1,5 млн теңге болатын екі iPhone 17 Pro смартфоны пара ретінде берілген.

Қымбат смартфондарды алғаннан кейін шенеуніктер заңды негіздер болмағанына қарамастан, салық хабарламасының орындалғаны туралы негізсіз шешім қабылдаған.

Сот талқылауы барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындады. Сот олардың өкінуін, сондай-ақ асырауындағы кәмелетке толмаған балалардың болуын ескерді.

Сот үкімімен басқарма басшысы 52 млн теңге, бөлім басшысы 52,5 млн теңге, ал делдал 15 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, үшеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.

Пара ретінде берілген смартфондар мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ сотталғандардан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлемдер өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Back to top button