Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер нарығын ауқымды реформалау қорытындыларын жариялады. Соңғы бірнеше жылда нарық қатысушыларына қойылатын талаптар едәуір күшейтіліп, бақылау тетіктері қатаңдатылды әрі қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша механизмдері енгізілді.
2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Қазақстанда 211 микроқаржы ұйымы және 205 коллекторлық агенттік жұмыс істейді.
Реформаның негізгі бағыттарының бірі — микроқаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын арттыру болды. Жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері екі есеге ұлғайтылып, 200 млн теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ капиталдың жеткіліктілігі мен несие портфелінің сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Микронесие беру қағидалары да қайта қаралды: сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті деңгейі шектеліп, онлайн несие рәсімдеу кезінде қарызды алғанға дейін міндетті 24 сағаттық «салқындау кезеңі» енгізілді.
Азаматтардың борыштық жүктемесін азайту мақсатында мерзімі өткен берешегі бар, сондай-ақ бұған дейін қарызы кешірілген азаматтарға жаңа микронесие беруге шектеу қойылды. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың проблемалық берешегін коллекторлық агенттіктерге беруге енгізілген мораторийдің мерзімі 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты талаптар да айтарлықтай күшейтілді. Агенттік басшыларына қойылатын талаптар қатаңдатылып, олардың қаржы ұйымдарымен үлестес болуына тыйым салынды әрі мемлекеттік тізілімнен шығару негіздері кеңейтілді. Сонымен қатар берешекті өндіріп алуға дейін оны реттеу рәсімін міндетті түрде жүргізу талабы енгізілді. Әкімшілік айыппұлдар көлемі ұлғайтылып, қызметкерлердің заңбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік белгіленді.
Нарықты қадағалау да айтарлықтай күшейтілді. 2023 жылдан бері 824 тексеру жүргізіліп, 310 қадағалау шарасы қолданылды және жалпы сомасы 693,4 млн теңгеге 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. Жүйелі заңбұзушылықтар үшін 99 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарылып алынды, тағы 29 ұйымның лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Сонымен қатар 47 коллекторлық агенттік мемлекеттік тізілімнен шығарылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қадағалау шараларының нәтижесінде микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер 34 мыңға жуық қарыз алушының берешегін, айыппұлдары мен өсімпұлдарын толық немесе ішінара есептен шығарды. Ал 722 мың азаматтың қарызы қайта құрылымдалды.
Агенттік мәліметінше, саланы одан әрі дамыту жаңа «Банктер туралы» заң аясында жүзеге асырылады. Құжат микроқаржы ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды енгізеді. Сонымен қатар нарық қатысушыларының жұмыс сапасын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында өзін-өзі реттеу институты құрылмақ.
