Жаңалықтар

2027 ЖЫЛДЫҢ 1 ШІЛДЕСІНЕН БАСТАП ҚАЗАҚСТАНДА ЛИФТТЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАПТАР КҮШІНЕ ЕНЕДІ

Қазақстанда сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан ғимараттардағы лифттердің қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талаптар енгізіледі. СТ РК EN 81-77-2026 ұлттық стандарты 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Құжатта лифт жабдықтарын жер сілкінісінің салдарынан туындайтын зардаптардан қорғау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Жаңа талаптар әсіресе Алматы қаласы мен еліміздің оңтүстік өңірлері үшін өзекті.

Жер асты дүмпулері кезінде ғимараттың тербелуі лифт жабдықтарын зақымдап, кабинаның қабаттар арасында тоқтап қалуына және жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Жаңа стандартта лифт кабинасы мен қарсы салмақтың бағыттағыштардан шығып кетуіне жол бермеу, бекітпелердің беріктігі және жабдықтардың сейсмикалық жүктемелерге төзімділігі бойынша талаптар белгіленген. Сондай-ақ сейсмикалық әсер анықталған кезде лифттің арнайы жұмыс режиміне ауысуы, тиісті индикацияның іске қосылуы, арқан мен кабельдердің зақымдануын болдырмау шаралары қарастырылған.

Талаптар жаңадан орнатылатын және Қазақстанға әкелінетін лифттерге қолданылады. Құжат лифт өндірушілеріне, жобалаушыларға, монтаждау ұйымдарына және сәйкестікті бағалау саласындағы мамандарға арналған.

Back to top button