Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САУДА БАЛАНСЫ НЫҒАЙДЫ: ЭКСПОРТ ИМПОРТТАН ОЗЫП ТҰР

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетіп, бір жылда 12,8%-ға өсті. Экспорт көлемі 19,5%-ға артып, 60,4 млрд долларды құраса, импорт 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларға жетті. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 9,8 млрд доллардан 17,8 млрд долларға дейін ұлғайды.

Экспорттың өсуіне агроөнеркәсіптік кешен айтарлықтай үлес қосты. Күнбағыс майының экспорты 48,5%-ға артып, 672,8 млн долларға жетті. Бидай экспорты 26,5%-ға өсіп, 1,25 млрд долларды құрады. Ұн экспорты 36%-ға артып, 400 млн долларға, ал дайын мал азығының экспорты 60,8%-ға өсіп, 577,6 млн долларға жетті. Зығыр тұқымының экспорты 2,3 есе өсіп, 387,8 млн долларды құрады.

Шикізат тауарларының экспорты да өсіп келеді. Мыс пен мыс катодтарын жеткізу көлемі 55,7%-ға артып, 3,9 млрд долларға жетсе, уран экспорты 26,9%-ға өсіп, 3,1 млрд долларды құрады.

Қазақстанның ірі сауда серіктесі — Қытай. Екі ел арасындағы тауар айналымы 23,3 млрд долларға жетті. Одан кейінгі орындарда Ресей (18,3 млрд доллар) мен Италия (11,8 млрд доллар) тұр. Сонымен қатар Италия қазақстандық тауарлардың ең ірі сатып алушысына айналып, 10,9 млрд доллар көлемінде өнім импорттады. Бұл көрсеткіш Қытайдың үлесінен (10,7 млрд доллар) жоғары.

Статистикалық деректер елдің сыртқы сауда балансының нығайғанын және ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде қосылған құны жоғары тауарлар экспортының артқанын көрсетеді.

Back to top button