Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАУ-БАҚША ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН ДАМЫТУДА

Қазақстанның оңтүстігінде халықаралық заманауи технологиялар негізінде жоғары өнімді жеміс дақылдарын өсіру жобасы қарқын алып келеді. Түркістан облысының Келес ауданында кәсіпкерлер қарқынды бау-бақша шаруашылығына басымдық беріп, алғашқы нәтижелерге қол жеткізуде.

Соның жарқын мысалдарының бірі – жергілікті шаруа Нұржан Омаровтың қожалығы. Ол бірнеше жыл бұрын шетелдік перспективалы шабдалы сұрыптарын сынақтан өткізіп, өндірістік жеміс бағын отырғызған. Жобаны жүзеге асыру үшін Түркиядан көшеттер әкелініп, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары заманауи агротехнологиялар негізінде ұйымдастырылды.

Тәжірибе сәтті нәтиже берді. Жеміс ағаштары өңірдің климаттық жағдайына тез бейімделіп, күтілген мерзімнен ерте өнім бере бастады. Алынған нәтиже бау-бақша шаруашылығының еліміздің оңтүстік өңірлері үшін әлеуеті жоғары екенін көрсетті.

Қазіргі таңда жоба жаңа кезеңге қадам басты. «ҰЛЫ ДАЛА» өндірістік кооперативі базасында жеміс бақтарын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа көшеттер ондаған гектар жерге отырғызылып, су ресурстарын үнемдеп, өсімдіктердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тамшылатып суару жүйесі қолданылуда.

Кәсіпкер алдағы уақытта шабдалы бақтарының көлемін ұлғайтып қана қоймай, сұранысқа ие өзге де дақылдарды өсіруді жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында шие мен жүзімнің элиталық сұрыптарын өсіру бар.

Мамандардың айтуынша, қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамыту отандық жеміс-жидек өнімдерінің көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Back to top button