Жаңалықтар

РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖОЙЫЛДЫ: БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ЖЫМҚЫРУ ІСІ БОЙЫНША БУХГАЛТЕРГЕ БЕРІЛГЕН ЖАЗА ҰЗАРТЫЛДЫ

Қызылорда облысында шамамен 10 жыл бойы жұмыс істеген бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді. Бас прокуратураның араласуынан кейін іс бойынша жаза едәуір қатаңдатылды.

Соттың анықтауынша, ауылдық клубтың бухгалтері мен мекеме директоры қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, бюджет қаржысын жүйелі түрде иемденіп отырған.

Схема қызметкерлерге жалақыны негізсіз арттырып есептеу және кейін түрлі сылтаумен — «қате есептеу», «шоттардың бұғатталуы» деген желеумен — ақшаны кері қайтарып алу арқылы жүзеге асырылған. Көптеген қызметкерлер бұл заңсыз әрекеттерден бейхабар болған.

Келтірілген жалпы шығын 36 млн теңгені құрады. Бірінші сатыдағы сот айыпталушыларды 7 жылға бас бостандығынан айырған.

Кейін бухгалтерге Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі 4 жыл 8 айға дейін қысқартылған.

Алайда, тергеу барысында рақымшылық заңға қайшы қолданылғаны анықталды. Осы санаттағы істер үшін мұндай жағдайларда жазаны жеңілдетуге болмайтын ерекше ереже қолданылуы керек.

Бас прокуратураның наразылығы негізінде кассациялық сот шешімді қайта қарап, бухгалтерге тағайындалған жаза мерзімі 5 жыл 7 айға ұзартылды.

Бұл іс рақымшылықты заңсыз қолдану және бюджет қаражатын жымқырғаны үшін жауапкершілікті күшейту бағытындағы сот тәжірибесінің айқын мысалы болды.

Back to top button