Жаңалықтар

ҚОНАЕВТА АУМАҚТАРДЫ ЖОСПАРЛЫ ДЕЗИНСЕКЦИЯЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Қонаевта масалардың санын азайтуға және жасыл аймақтарды зиянкестерден қорғауға бағытталған жоспарлы дезинсекциялық жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Іс-шараларды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ұйымдастыруда.

Мамандардың мәліметінше, 15 сәуірден 16 сәуірге қараған түні қамыс өскен аймақтарға өңдеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта дезинсекция кезең-кезеңімен қала аумағын толық қамтитын болады.

Қолданылып жатқан препараттар Қазақстан аумағында ресми түрде рұқсат етілген және қауіптілігі төмен құралдар санатына жатады. Олар адам мен жануарларға және қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Дегенмен, өзіне тән иісіне байланысты тұрғындарға уақытша терезе мен есіктерді жаба тұру ұсынылады.

Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Мадияр Закеровтың айтуынша, алдымен су айдындарының маңы тазартылуда, одан кейін жұмыстар қаланың тұрғын кварталдарына көшіріледі.

Қазіргі кезең шамамен бір аптаға созылады деп күтілуде. Күзге дейін Қонаевта маляриялық масаларға қарсы 6 кезеңдік өңдеу жүргізу жоспарланған.

Back to top button