Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН АВТОМЕКТЕПТЕРІНДЕГІ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР

Қазақстан бойынша автомектептерде жүргізілген профилактикалық тексерулер жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады. ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған 727 оқу орталығының басым бөлігі, негізгі талаптарды, оның ішінде қауіпсіздік саласындағы талаптарды сақтамайды.

Инспекторлар ондаған заңбұзушылықты тіркеді: автодромдарда жол белгілерінің, жол таңбаларының және жарықтандырудың болмауы, сондай-ақ техникалық ақауы бар оқу көліктерін пайдалану. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 20 нұсқама берілді.

Ең елеулі фактілердің бірі — 59 автомектепте техникалық байқаудан өтпеген және сақтандырылмаған көліктермен оқыту жүргізілген. Осыған байланысты ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті 701 оқу тобындағы сабақтарды тоқтатты.

Автомектептерді есепке алу және оқу топтарын тіркеу «Автошкола» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе нақты уақыт тәртібінде куәліктердің түпнұсқалығын, оқу бағдарламаларының сәйкестігін және оқу автокөліктерінің болуын тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Құжат автомектептерді ашудың хабарламалық тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуін және мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейді.

Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

Back to top button