Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап болашақ дәрігерлерді даярлаудың жаңа жүйесін енгізеді. Сала басшысы Ақмарал Әлназарова реформаға қатысты негізгі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оның айтуынша, енді оқу мерзімі 7 жылды құрайды: 6 жыл жоғары оқу орнында және 1 жыл интернатурада. Осы кезеңнен кейін түлектер медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге немесе білімін резидентурада жалғастыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жаңа «дәрігер-интерн» мәртебесі енгізіледі. Бұл мәртебе иелері кәсіби жауапкершілігі бар толыққанды маман ретінде танылады.
Ақмарал Әлназарова атап өткендей, реформа тек 2026 жылы оқуға түсетін талапкерлерге қатысты болады. Алғашқы түлектер 2033 жылы бітіреді деп күтілуде. Қазіргі студенттер үшін оқу шарттары өзгеріссіз қалады: 2021 жылы оқуға түскендер оқуын 2027 жылы аяқтайды, ал 2022–2025 жылдары қабылданған студенттер 6 жыл оқиды, бірақ тәжірибелік дайындық көлемі ұлғайтылған күшейтілген бағдарлама бойынша білім алады.
Жаңа модельдің негізгі мақсаты — медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру және денсаулық сақтау саласына білікті мамандардың келуін жеделдету.
