Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Алматы облысы Жамбыл ауданында «Kargaly Fish» балық шаруашылығы іске қосылды. Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, құны 450 млн теңгені құрайтын кәсіпорын жыл сайын 200 тоннаға дейін форель және бекіре тұқымдас балық өсіреді. Қазіргі таңда мұнда 15 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Кешенде сүзгілеу, озондау және ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру жүйелері қарастырылған заманауи тұйық су айналымы технологиясы енгізілген. Бұл су сапасын бақылауға және экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бүгінде өңірде жылдық қуаты 11 мың тонна өнімді құрайтын 53 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларының арқасында салаға инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.

Билік өкілдерінің пікірінше, жаңа кешеннің іске қосылуы өңір экономикасының дамуына және отандық балық өнімдері көлемінің артуына оң әсер етеді.

Back to top button