Жаңалықтар

ҚАРЫЗЫҢЫЗ ҚАШАН КОЛЛЕКТОРЛАРҒА БЕРІЛУІ МҮМКІН: НЕ БІЛУ КЕРЕК

 

Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыға төлем мерзімін өткізіп алғаны туралы 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлап, берешекті реттеудің, оның ішінде қайта құрылымдаудың жолдарын ұсынуға міндетті.

Егер мәселе шешілмесе және мерзімі өткен берешек 90 күннен асса, кредитор қарызды сотқа дейін өндіріп алу үшін коллекторлық агенттікке бере алады.

БОРЫШКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

Азамат берешектің мөлшері мен құрылымы туралы толық ақпарат алуға, коллектордың талаптарын сотта даулауға, өзіне қолайлы байланыс тәсілін таңдауға, телефон арқылы сөйлесулер мен кездесулерді жазып алуға, сондай-ақ, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға құқылы.

БОРЫШКЕРДІҢ МІНДЕТТЕРІ

Қарыз алушы байланыс деректері өзгерген жағдайда бұл туралы дер кезінде хабарлап, берешекті реттеу мақсатында коллекторлық агенттікпен өзара әрекет жасауға тиіс.

КОЛЛЕКТОРЛАРҒА НЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН

Коллекторлар борышкерге жұмыс күндері сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін аптасына үш реттен артық емес телефон соға алады. Сондай-ақ аптасына үш реттен жиі емес жеке кездесу өткізуге және жазбаша, мәтіндік немесе дауыстық хабарламалар жіберуге құқылы.

Әрбір байланыс кезінде агенттік өкілі ұйымның атауын, тіркеу нөмірін, кредитор туралы мәліметті, сондай-ақ өзінің аты-жөнін, лауазымын және жұмыс орнын атауға міндетті.

КОЛЛЕКТОРЛАРҒА ҚАНДАЙ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Заң бойынша борышкерді жаңылыстыруға, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратуға, психологиялық қысым көрсетуге, күш қолданамын деп қорқытуға, мүлкін жоюмен үркітуге, бопсалауға, құжаттарды қолдан жасауға және өзге де заңсыз тәсілдерді пайдалануға тыйым салынады.

Сонымен қатар коллекторлық агенттіктердің берешекті өтеу есебіне ақша немесе мүлік қабылдауына және ақшадан өзге тәсілмен есеп айырысуды талап етуіне жол берілмейді.

ҚАЙДА ШАҒЫМДАНУҒА БОЛАДЫ

Егер коллекторлар заң талаптарын бұзса, азаматтар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Заң бұзушылық расталған жағдайда агенттікке тиісті ықпал ету шаралары қолданылады.

Қазақстандағы коллекторлық агенттіктердің қызметі «Коллекторлық қызмет туралы» заңмен реттеледі. Ұйымның берешекті өндіріп алумен айналысуға құқығы бар-жоғын агенттіктің ресми тізімінен тексеруге болады.

 

Back to top button