Жаңалықтар

ІІМ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АЗАЙҒАНЫН МӘЛІМДЕДІ

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елде интернет-алаяқтық фактілері 7%-ға азайған.

Полиция ұрланған қаражатты қайтару және күмәнді қаржылық операцияларды бұғаттау жұмыстарын күшейтті. Зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды. Ал Ұлттық банкпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді.

Телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күрес аясында ІІМ байланыс операторларымен бірлесіп 150 миллионнан астам күмәнді қоңырауды бұғаттады. Сонымен қатар құқық қорғау органдары, оның ішінде шетелдік call-орталықтармен байланысы бар қылмыстық топтарды анықтап, жеке деректерді заңсыз тарату схемаларының жолын кесіп жатыр.

Ведомство өкілдері алаяқтардың әлі де банк қызметкерлері, байланыс операторлары мен мемлекеттік органдардың өкілі ретінде хабарласатынын еске салды. Осыған байланысты қазақстандықтарға SMS арқылы келетін кодтарды, банк картасының деректерін және құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес берілді.

 

Back to top button