Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында облыстық қан орталығымен бірлесіп донор күні тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес әр тоқсан сайын өткізіліп, донорлық қан қорын толықтыруға және ерікті донорлар қатарын арттыруға бағытталған.
2026 жылдың басынан бері үш жоспарлы донор күні өтті. Ақпан айында 28 литр қан дайындалса, сәуірде шамамен 45 литр, ал маусымда тағы 40 литр қан жиналды. Осылайша, жыл басынан бері облыстық қан орталығы жалпы көлемі шамамен 113 литр донорлық қан қорын толықтырды.
Аурухана мәліметінше, қажет болған жағдайда мекеме директоры Айман Ғалымжанқызының бастамасымен жоспардан тыс донор күндері де ұйымдастырылады. Бастамашыл топ құрылып немесе донор болуға ниетті азаматтар саны жеткілікті болған жағдайда, медициналық мекеме облыстық қан орталығымен бірлесіп қосымша акция өткізіп, арнайы орын ұсынып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз етеді. Донорлық қозғалысқа аурухана қызметкерлері де белсенді қатысады.
Қазақстанда донорлықты дамытуға мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп отыр. Ел Үкіметінің қаулысымен «Құрметті донор» ведомстволық төсбелгісі ресми түрде бекітілді.
Жаңа марапаттың алғашқы иегерлері 481 адам болады. «Құрметті донор» төсбелгісі қанды немесе оның компоненттерін өтеусіз белгіленген мөлшерден кем емес тапсырған Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға табысталады. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцитті кемінде 40 рет, ал плазманы кемінде 70 рет тапсырған азаматтар осы марапатқа ие болады.
Төсбелгіні Қазақстан теңге сарайы әзірлейді. Оның негізгі элементі — адам өмірін құтқаруды бейнелейтін жүрек соғысының белгісі бейнеленген қанық қызыл түсті қан тамшысы.
Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам қан тапсыру рәсімі өткізіледі. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдар жыл сайын 80 мыңнан астам пациентті қан компоненттерімен қамтамасыз етеді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, қан немесе оның компоненттерін тапсырған қызметкер медициналық тексеруден өтетін және донорлық қан тапсыратын күндері жұмысынан босатылып, оған орташа жалақысы толық көлемде сақталады.
