Жаңалықтар

НЕСИЕ РӘСІМДЕУГЕ ТЫЙЫМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК

Қазақстанның кез келген азаматы өз атына банк несиелері мен микрокредиттерді рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоя алады. Бұл шара алаяқтардың азаматтың атына заңсыз қарыз рәсімдеу қаупін азайтуға мүмкіндік береді және eGov порталы мен мобильді қосымшасы арқылы тегін қолжетімді.

eGov.kz порталында қызметті қосу үшін жеке кабинетке кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту қызметін таңдау қажет. Одан кейін электрондық өтінімді толтырып, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау керек. Өтінім өңделгеннен кейін көрсетілген қызмет туралы ақпарат алынған қызметтер тарихында көрінеді.

Дәл осындай мүмкіндік eGov Mobile қосымшасында да қарастырылған. Ол үшін танымал қызметтер бөліміне өтіп, қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту сервисін таңдап, қажетті мәліметтерді енгізіп, әрекетті ЭЦҚ арқылы растау жеткілікті.

Қызмет іске қосылғаннан кейін азаматтың кредиттік тарихында қолданыстағы тыйым туралы белгі пайда болады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл ақпаратты кредиттік бюролар арқылы көріп, өтінімдерді қарау кезінде оны ескеруге міндетті. Егер мұндай тыйымға қарамастан азаматтың келісімінсіз несие рәсімделсе, ол есептен шығарылуға жатады.

Қажет болған жағдайда тыйымды кез келген уақытта осы сервис арқылы алып тастауға болады. Алайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл тыйымның барлық ұйымдарға қолданылмайтынын ескертеді. Атап айтқанда, ломбардтар мен кредиттік бюролардың мәліметтерін пайдаланбайтын жекелеген ұйымдарға бұл қызметтің күші жүрмейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтар «Stop-кредит» сервисін 6,3 миллион рет пайдаланған. Бұл қаржылық алаяқтықтан қорғану құралына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Back to top button