Маңғыстаудың киелі ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді. Тиісті шешім 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды.
Жаңа нысан бес бірегей жерасты мешітін — Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі кешендерін біріктіреді. Халықаралық сарапшылар оларды Маңғыстаудың рухани дәстүрлері, сәулеті мен табиғи ландшафтының үйлесімін айқын көрсететін әмбебап ерекше құндылыққа ие мұра ретінде бағалады.
Ескерткіштерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары бірнеше жыл бойы жүргізілді. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салалық мемлекеттік органдарға ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық комиссиясымен бірлесіп номинациялық құжаттаманы әзірлеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде Дүниежүзілік мұра комитеті оң шешім қабылдады.
Пусандағы Қазақстан делегациясын ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Карин басқарды. Оның айтуынша, Маңғыстаудың киелі орындарының Дүниежүзілік мұралар тізіміне енуі — Қазақстанның бай тарихы мен рухани мұрасының халықаралық деңгейде мойындалуы. Сонымен қатар бұл тарихи ескерткіштерді келер ұрпақ үшін сақтауға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Бес киелі орынның ішінде ең танымалы — Қазақстандағы ірі зиярат орталықтарының бірі саналатын Бекет ата жерасты мешіті. Оған жыл сайын жүздеген мың адам тәу етеді. Сондай-ақ нысан құрамына көне Шопан ата мешіті, ең ірі киелі кешендердің бірі Қараман ата, борлы жартаста қашалып салынған Шақпақ ата мешіті және ертеден жолаушылар мен теңізшілердің қамқоршысы саналған Сұлтан үпі енді.
Естеріңізге түсіре кетейік, Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген нысандар саны жетіге жетті. Бұған дейін бұл тізімге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы, Сарыарқа петроглифтері, Ұлы Жібек жолының нысандары, Батыс Тянь-Шань және Тұранның қоңыржай белдеудегі шөлдері енгізілген.
