Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жұмыс сапары барысында Қонаев қаласына барып, өңірдегі негізгі туристік жобалардың жүзеге асырылуымен және туристік инфрақұрылымның дамуымен танысты.
Сапар аясында «Солтүстік жағалау» жағажайы мен №5, №6 және №7 қалалық жағажайлардың жазғы туристік маусымға дайындығы тексерілді. Инфрақұрылымның жай-күйіне, қауіпсіздік деңгейіне, құтқару қызметтерінің жұмысына, санитарлық тазалық пен абаттандыру шараларына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ вице-министр «Көшпенділер қалашығында» болып, туристік нысанның көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған инженерлік желілер мен автомобиль жолдарының құрылыс жобаларымен танысты.
Жұмыс сапарының бағдарламасына өңірдегі ең ірі қонақүй жобаларының бірі саналатын салынып жатқан Marriott қонақүйі, сондай-ақ халықаралық спорттық, мәдени және іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды ASP Arena кешені де енгізілді.
Өңірдегі туризм саласының дамуы туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов пен Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы баяндады.
Сапар қорытындысында Мирас Төлебаев туризмді дамыту заманауи инфрақұрылымсыз, сапалы қызмет көрсетусіз және демалушылар үшін қауіпсіз жағдай қалыптастырмай мүмкін еместігін атап өтті.
Қазіргі таңда өңірде жаңа орналастыру нысандарының құрылысы жалғасып, туристік локациялар жаңғыртылып, инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде ішкі және келу туризмінің дамуына серпін береді.




