Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасының шарттары қайта қаралды. Негізгі өзгерістердің бірі — бағдарламаға қатысушыларға көрсетілетін қаржылық қолдаудың едәуір ұлғайтылуы.
Енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 миллион теңгеге (1 625 АЕК) дейін жетеді. Бұл қаражатты жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл қоныс аударушылардың жаңа ортаға тезірек бейімделіп, тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.
Тұрғын үйді қолдаудан бөлек, мемлекет көшу шығындарын өтеуді, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге төленетін субсидияларды беруді, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастырады. Сонымен қатар, қоныс аудармай тұрып-ақ жұмыс табуға мүмкіндік бар. Ол үшін көшуді жоспарлаған өңірлерде қабылдаушы облыстардың жұмыс берушілері қатысатын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Өзгерістер бағдарламаға қатысушылар тізіміне де енгізілді. Бұған дейін негізгі басымдық жұмыссыз азаматтарға берілсе, енді мемлекеттік қолдау шараларына сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да үміткер бола алады.
Бағдарламаға қатысу рәсімі де барынша жеңілдетілді. Өтініш беруден бастап қоныс аударатын өңірді таңдауға және бос жұмыс орындарын іздеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдер migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта қолжетімді. Сондай-ақ порталдан кадр тапшылығы бар өңірлер мен ең сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға болады.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде оған 73,9 мың адам қатысса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының арқасында 31 мыңнан астам қатысушы тұрақты жұмысқа орналасты.
