Жаңалықтар

АНАЛАР МЕН НӘРЕСТЕЛЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі барлық 69 перзентхана мен перинаталдық орталықта кешенді тексеру жүргізеді. Мамандар жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мақсатында инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалайды.

Бұл шешім Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды. Тексеруді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізеді. Оның негізгі мақсаты — тәуекелдерді анықтау, кемшіліктерді жою және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу.

Министрдің айтуынша, инфекцияның әрбір жағдайы оның туындау себептерін анықтап, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін жан-жақты зерделенуі тиіс. Бұл тәсіл медициналық көмектің сапасын арттырып, инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық жағдайларды тексеру тәртібін жаңартуды, санитариялық талаптар мен бақылау чек-парақтарын қайта қарауды, сондай-ақ профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына перзентханаларды дезинфекциялау және залалсыздандыру құралдарымен жеке қорғаныш құралдарымен, медициналық жабдықтармен және шығыс материалдарымен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі оқытуды күшейту тапсырылды.

Антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударылады. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті антибиотиктерді рецепті бойынша босату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді.

Тексеру қорытындысы бойынша әрбір өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру және пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты іс-шараларды қамтитын жол карталары әзірленеді.

Back to top button