Жаңалықтар

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тәуекелге бағдарланған мінез-құлықтық қадағалау жүйесін енгізетін және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін бекітті. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Енді реттеуші қаржы ұйымдарының заң талаптарын сақтауын ғана емес, банк, сақтандыру және микроқаржы өнімдерінің тұтынушылардың мүддесіне қаншалықты сай келетінін де бағалайды. Қаржы ұйымдары мақсатты аудиторияның қажеттіліктерін ескеруге, қызметтердің шарттары, құны мен тәуекелдері туралы толық әрі объективті ақпарат беруге, сондай-ақ шарт жасалғанға дейін ұсынылатын өнімнің клиентке сәйкестігін бағалауға міндетті.

Сонымен қатар қаржы омбудсманының қызметін реттейтін жаңа қағидалар бекітілді. Олар азаматтардың өтініштерін қараудың бірыңғай тәртібін белгілеп, тұтынушылардың құқықтарын сотқа дейін қорғау тетіктерін күшейтеді. Шағымдар бойынша жиналған ақпарат қаржы нарығындағы жүйелі бұзушылықтарды анықтауға және реттеуді жетілдіруге пайдаланылатын болады.

Тағы бір маңызды өзгеріс мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қатысты. Берешекті ұжымдық реттеудің бірыңғай цифрлық платформасының мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді «бір терезе» қағидаты арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы ғана емес, талап ету құқығы коллекторлық агенттіктерге берілген берешектерді де реттеуге болады.

Агенттіктің мәліметінше, бұл шаралар бөлшек несиелеу нарығын реформалаудың ауқымды кезеңінің бір бөлігі саналады. Соңғы жылдары қарыздар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелері төмендетілді, қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау талаптары күшейтілді, мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа несие беру шектелді және берешекті реттеу тетіктері кеңейтілді. Соның нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық несиелеудің өсу қарқыны 2021–2024 жылдары орта есеппен 32%-ды құраса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 3,1%-ға дейін төмендеді.

Back to top button