Жаңалықтар

ТЕЛЕМЕДИЦИНА ЕЛ БОЙЫНША ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА ТҮСЕДІ

Қазақстанда телемедициналық технологияларды қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Болашақта бірыңғай телемедициналық желіні 4 мыңнан астам денсаулық сақтау ұйымында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ауылдық жерлердегі шамамен 7,5 млн тұрғынды қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда телемедициналық қызметтерге 655 медициналық ұйым қосылған. Қашықтықтан көрсетілетін консультацияларды 1 миллионнан астам пациент алған. Бұл технологиялар әсіресе шалғай елді мекендер үшін маңызды, өйткені тұрғындар облыстық және республикалық клиникаларға бармай-ақ бейінді мамандардың кеңесін ала алады.

Денсаулық сақтау министрлігі телемедицинаны дамыту үшін қажетті нормативтік және техникалық негізді қалыптастырды. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі бекітіліп, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, сондай-ақ қолданылатын технологиялар мен жабдықтар айқындалды.

Медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын, аудандық және облыстық ауруханаларды заманауи телемедициналық жабдықтармен жасақтандыру жоспарлануда. Бұдан басқа, цифрлық шешімдер қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесінде енгізілуде.

Телемедицина мектеп медицинасында да дамытылады. Тиісті шешімдерді 6,9 мыңнан астам мектепте енгізу жоспарланып, 3,6 миллионнан астам оқушыны қамту көзделген. Олар профилактикалық тексерулер жүргізуге, дәрігерлік консультациялар ұйымдастыруға және балалардың денсаулық жағдайын бақылауға пайдаланылатын болады.

Жыл басынан бері еліміздің барлық 20 өңіріндегі 709 медициналық ұйым 23,1 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетті. Оның 2,17 миллионнан астамы қашықтан ұсынылған. Телемедициналық қызметтердің үлесі 9,4%-ды құрады. Бұл технологиялар ең белсенді түрде Ақтөбе облысында, Алматы қаласында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарында қолданылып жатыр.

Келесі кезеңде денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру жоспарланған. Поликлиникалардың, стационарлардың, зертханалардың, мектеп медицинасының және телемедициналық сервистердің ақпараттық жүйелері бірыңғай медициналық деректер қоймасына біріктіріледі.

Алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді қашықтан мониторингтеуді, телеметриялық электрокардиографияны, жасанды интеллект технологияларын және басқа да цифрлық сервистерді дамытуды көздеп отыр. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет көрсету алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.

Back to top button