Алматы облысының тұрғыны компания белгіленген мерзімде дайындап, орнатып бермеген асүй жиһазы үшін 1,35 млн теңгесін қайтарып алды.
Тұтынушы компаниямен асүй жиһазын дайындау және монтаждау туралы шарт жасасып, құны 1 350 000 теңге болатын тапсырыстың ақысын толық төлеген. Алайда орындаушы жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамаған. Тапсырыс берушінің ақшасын қайтару туралы талабына қарамастан, компания қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Тұтынушының өтінішінен кейін Алматы облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында мамандар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге қатысты заңда көзделген мемлекеттік ықпал ету шаралары қабылданды.
Нәтижесінде тұтынушының құқықтары қалпына келтіріліп, компания 1 350 000 теңге көлеміндегі толық соманы қайтарды.
Департаментте атап өткендей, өз құқықтарын қорғау үшін уақтылы жүгіну дауды ұзаққа созылатын сот процесінсіз шешуге мүмкіндік берді.
