Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТАРЫН КЕҢЕЙТЕДІ

Қазақстан мен Қырғызстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін арттырып, өндірістік кооперацияны кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы 2026 жылғы 13 тамызда Алматыда Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында өткен екі елдің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуінде белгілі болды.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбеков сауда көлемін ұлғайту, бірлескен жобаларды іске асыру және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

2025 жылы екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 511,3 млн АҚШ долларына жетіп, бір жылда 41,5%-ға өсті. Қазақстанның Қырғызстанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 418,9 млн долларды құрады. Астық өнімдерінің экспорты төрт еседен астам, ал майлы дақылдар экспорты шамамен 1,5 есеге артты.

Қазақстан астық және майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін, күнжара, күнбағыс майы, құс еті және басқа да сұранысқа ие өнімдер экспортын одан әрі ұлғайтуға мүдделі.

Тараптар 2026–2027 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді арттыру жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандыруға келісті. Құжат тауарлар ассортиментін кеңейтіп, сауда көлемін арттыруды көздейді.

Кездесу қорытындысы бойынша министрлер өндірістік кооперацияны, бірлескен жобаларды дамытуға және агроөнеркәсіптік саладағы өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екендерін растады.

Back to top button