Қазақстанда азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордан тұрғын үй жалдауға жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін бағдарлама жүзеге асырылуда. Механизм Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылып, оны «Отбасы банк» АҚ жүзеге асырады.
Бағдарламаның негізгі қағидаты — жалдау ақысын бірлесіп төлеу. Тұрғын үй құнының 50 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен өтелсе, қалған жартысын жалға алушы өзі төлейді.
2022 жылдан бері бағдарламаға 45 514 отбасы қатысқан. Алайда кейін олардың бір бөлігі келісімшартты бұзған. Атап айтқанда, 20 424 отбасы жалға берілетін немесе кредиттік тұрғын үйге көшсе, тағы 13 822 келісімшарт бағдарлама талаптарын бұзуына байланысты тоқтатылған.
Нәтижесінде қазіргі таңда жалдау ақысын субсидиялау аясында 11 268 отбасы мемлекеттік қолдау алып отыр.
Бағдарламаға қатысуға бірнеше санаттағы азаматтардың құқығы бар. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, жетім балалар және көпбалалы жанұялар бар.
Алайда жеңілдік санатына жатудың өзі жеткіліксіз. Өтініш беруші отбасының соңғы алты айдағы жан басына шаққандағы табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтынын растауы тиіс. Сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұруы қажет.
Субсидияны рәсімдеу электронды форматта «Отбасы банк» АҚ-ның сайты арқылы жүзеге асырылады. Өтінім беру кезінде жалға алынатын пәтер немесе үйдің иесі ЭЦҚ арқылы бағдарламаға қатысуға келісімін растауы тиіс.
Барлық белгіленген талаптар орындалғаннан кейін банк, жалға алушы және жылжымайтын мүлік иесі арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Жалдау ақысының мемлекет өтейтін бөлігі келісімшартта көрсетілген талаптар мен мерзімдерге сәйкес аударылады.
