Қазақстан мен америкалық IBL Elements Inc. компаниясы өнеркәсіптік және минералданған суларды тазарту әрі қайта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруда.
«Қазгидрогеология» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәуір Ибраев — Оклахома штатына жасаған жұмыс сапары барысында IBL Elements Inc. компаниясының өндірістік нысандарын аралап, оның технологияларымен танысты.
Компания әзірлеген шешімдер өнеркәсіптік суларды тазартуға, оларды өндірістік айналымға қайта қосуға және құрамындағы бағалы компоненттерді бөліп алуға мүмкіндік береді.
Тараптар америкалық технологияларды Қазақстан кәсіпорындарының жағдайына бейімдеу мүмкіндігін қарастыруда.
Мұндай ынтымақтастық су ресурстарын тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік қалдықтар көлемін азайтуға және өндірістегі суды қайта пайдалану үлесін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Өз кезегінде IBL Elements Inc. қазақстандық серіктестермен бірлесіп, технологияларды бейімдеу және енгізу бағытында жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
