Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ: ЖАҢА МЕКТЕПТЕР, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ПЕДАГОГТЕРДІ ҚОЛДАУ

 

Қазақстанда Мемлекет басшысының білім беру жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жалғасып жатыр. Негізгі өзгерістер білім беру инфрақұрылымын дамытуға, мектепке дейінгі біліммен қамтуға, педагогтерді қолдауға, инклюзивті білім беруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.

Соңғы үш жылда балабақшаларда 232 мың жаңа орын ашылды. 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын ашу жоспарланып отыр. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі қазірдің өзінде 20 қала мен 23 ауданда іске қосылған.

Соңғы бес жылда елімізде 1 120 мектеп салынып, оларда 1 миллионнан астам оқушыға орын құрылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 460,4 мың орынға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта тағы 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Шағын жинақты мектептерде жасанды интеллект технологияларын қолдану басталды. Пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарында іске қосылып, 500 мектепті қамтиды. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні еліміздегі 2,5 мың шағын жинақты мектептің барлығына енгізу жоспарланып отыр.

Педагогтерді қолдау шаралары да жалғасуда. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Ал мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің табысы 2023 жылдан бері 30%-ға артты.

Инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда тиісті жағдайлар балабақшалардың 80%-ында, мектептердің 95%-ында және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 90%-ында жасалған.

Кадр даярлау жүйесінде де өзгерістер бар. Еліміздегі 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алуда. Дуальды оқыту жүйесі 138,2 мың адамды қамтиды. Мамандар даярлау жұмысына 552 колледж бен 11,7 мың кәсіпорын қатысып отыр.

Осылайша, білім беру саласындағы реформалар балабақшадан бастап кәсіптік білім алуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Негізгі басымдықтар — заманауи мектептерді дамыту, цифрландыру, педагогтерді қолдау, инклюзивті білім беруді кеңейту және экономикаға қажетті кадрларды даярлау.

Back to top button