Жаңалықтар

ТҮНГІ САЛЮТ ҮШІН 10 ТӘУЛІККЕ ДЕЙІН ҚАМАУҒА АЛЫНУЫ МҮМКІН

Түн ортасында атылған мерекелік салют құттықтаумен емес, сот жазасымен аяқталуы мүмкін. Астанада құқық қорғау органдары тұрғын үйлердің маңында шу шығарып, айналадағы адамдардың тыныштығын бұзатын азаматтарды жауапкершілікке тарта бастады.

Мұндай құқық бұзушылықтарға көбіне қатты музыкамен қатар пиротехникалық бұйымдарды іске қосу жатады. Бұл тұрғындардың тынығуына кедергі келтіріп қана қоймай, көлік дабылдарының жаппай іске қосылуына себеп болады. Сонымен қатар адамдардың, автокөліктер мен тұрғын үйлердің маңында отшашу қолдану қауіпсіздікке қосымша қатер төндіреді.

Астана қаласының прокуратурасы мұндай әрекеттерді Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде саралау тәжірибесін қалыптастырды.

Қазіргі уақытта 26 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың 19-ына қатысты іс 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алумен аяқталды. Қалған құқық бұзушыларға айыппұл салынды.

Прокуратура түнгі уақыт көршілердің мүддесін елемеуге негіз болмайтынын еске салады. Ал тұрғын үй аулаларында пиротехникалық бұйымдарды қолдану жанжалға ғана емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін.

Back to top button