Жаңалықтар

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ: ҚАЗАҚСТАНДА БІРЕГЕЙ ӨНДІРІС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Алматы облысы Іле ауданындағы М. Түймебаев ауылында жылына 400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы «Бақыт» балық өсіру кәсіпорны жұмысын бастады.

Құны 500 млн теңгені құрайтын жоба балық өсірумен қатар, балық шаруашылықтарына арналған жабдықтар өндіруді де қамтиды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл – Қазақстанда осындай бағыттағы алғашқы кәсіпорын.

Қазіргі уақытта шаруашылықта 12 торлы қондырғы пайдаланылып, 100 тоннадан астам балық өндірілген. Келесі жылы олардың санын 30-ға жеткізіп, кәсіпорынды жобалық қуатына шығару жоспарланып отыр. Бүгінде мұнда 15 адам еңбек етеді. Өндіріс кеңейгеннен кейін қызметкерлер санын 45–50 адамға дейін арттыру көзделген.

Кәсіпорын балық өсірумен қатар, торлы қондырғыларға арналған металл торлы құрылымдар да шығарады. Алайда торлардың өзін әзірге шетелден сатып алады. Алдағы уақытта жеке цех ашу арқылы торларды ел ішінде өндіру және импортқа тәуелділікті азайту жоспарланып отыр.

Шаруашылық өнімдеріне Қазақстанның бірнеше өңірінде сұраныс бар. Жоба Алматы облысының балық шаруашылығын дамыту жоспарына да үлес қосады. Қазіргі таңда өңірде 53 балық шаруашылығы жұмыс істейді.

Back to top button