Жаңалықтар

АЛМАТЫДАҒЫ БЕС МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДЕН СЫЙАҚЫНЫ ӨНДІРУ ТУРАЛЫ ТАЛАБЫН СОТ ҚАНАҒАТТАНДЫРМАДЫ

Алматыда прокурорлық тексеруден кейін 2023–2025 жылдар аралығында медициналық ұйымдардың басшыларына, олардың орынбасарлары мен бас бухгалтерлеріне төленген сыйақыларды қайтару мәселесі көтерілді.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайтарылуға тиіс сыйақылардың жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 80 млн теңгеге жуығы ерікті түрде қайтарылған. Басқармаға қарасты бірнеше медициналық ұйым қызметкерлерден төленген қаражатты өндіріп алу туралы сотқа талап арыз берген.

SENIM денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері салалық кәсіподағының Алматы филиалының төрағасы Алмас Несіпқалиевтің редакцияға хабарлауынша, сотқа бес медициналық ұйым талап арыз түсірген. Олар – Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы, №23 және №24 қалалық емханалар, Алматы қалалық инфекциялық ауруханасы, сондай-ақ перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы.

Талап арыздар бойынша 19 қызметкер жауапкер болған. Алмас Несіпқалиевтің айтуынша, қаралған барлық іс бойынша соттар медициналық ұйымдардың сыйақыны өндіріп алу туралы талаптарын қанағаттандырмаған. Сот шешімдері қызметкерлердің пайдасына шығарылғандықтан, бұл қаражат олардың жалақысынан ұсталмайды.

Қазіргі уақытта кәсіподақ тағы төрт қызметкердің мүддесін қорғау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. INFO MONITORING редакциясы жағдайдың өрбуін бақылауды жалғастырады.

Back to top button