Алматы облысындағы «Ой-Қарағай» тау курортының инфрақұрылымы кеңейтілді. Ақтас шыңында теңіз деңгейінен 2 140 метр биіктікте құны 58 млрд теңге болатын туристік кешен ашылды. Құрылысы екі жылға созылған нысан құрамына мейрамхана, жеті нөмірлі қонақүй және 350 адамға арналған конференц-зал кіреді.
Сонымен қатар тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығы 28 шақырымнан 38 шақырымға дейін ұлғайтылды. Курорт инфрақұрылымы 10 және 6 адамға арналған екі көтергішпен толықты. Өткен жылы курортқа 660 мыңнан астам турист келсе, биыл жыл басынан бері туристер ағыны тағы 20%-ға өсті.
Курорттың PR қызметінің жетекшісі Максим Козловтың айтуынша, инфрақұрылымның дамуы келушілер санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. «Ой-Қарағай» қазақстандық туристермен қатар Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келген қонақтарды да қабылдайды. Туризм саласын дамытуға халықаралық ынтымақтастық туралы келісімдер де ықпал етуде.
Жалпы, Алматы облысында жалпы құны 638,2 млрд теңге болатын 30 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ тау туризмін дамыту 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспарда көзделген.
