Жетісу облысында екі қант зауыты жаңғыртылып, олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 950 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Атап айтқанда, Ақсу қант зауытының өндірістік қуатын 450 мың тоннаға, ал Көксу қант зауытын 500 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.
2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне 18 инвестициялық жоба аясында 299 млрд теңге инвестиция салу көзделген. Оның 54 млрд теңгеден астамы қант зауыттарын жаңғыртуға бағытталады. Биыл шамамен 101 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Көксу ауданында жылына 15 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынады.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі басым бағыттардың бірі — суармалы егіншілікті дамыту. Қазір облыста ирригациялық жүйелерді жаңарту бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіліп, 34,3 мың гектар жер сумен қамтамасыз етілді. Ақсу ауданындағы суару желілерін реконструкциялау нәтижесінде тағы 11,5 мың гектар жердің сумен қамтылуы жақсарады. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Кездесу барысында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, кәсіпкерлікті дамыту, жол салу, халықты ауызсумен, газбен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік нысандар салу мәселелері де талқыланды.
