INFO MONITORING редакциясы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне шағым түсірді. Бұған Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ақпаратқа қол жеткізу құқығының негізсіз шектелуі мүмкін деген күдік себеп болды.
2026 жылғы 22 қыркүйекте біз 2023-2025 жылдары медициналық ұйымдардың басшыларына, олардың орынбасарларына және бас бухгалтерлеріне төленген сыйақыларды қайтару мәселесі бойынша прокурорлық қадағалау актісінің орындалуына қатысты дербестендірілмеген мәліметтерді сұраттық.
Сыйақыларды қайтару талаптары мен сот процестері туралы толығырақ «АЛМАТЫДАҒЫ БЕС МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДЕН СЫЙАҚЫНЫ ӨНДІРУ ТАЛАБЫНДА СОТТА ЖЕҢІЛДІ» атты бейнематериалымызда баяндадық.
Редакция сыйақыларды қайтару талап етілген ұйымдар мен қызметкерлердің санын, талаптардың жалпы сомасын, қайтарылған қаражат көлемін және қайтарылмаған қалдықты білгісі келді. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісінің орындалуын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрадық. Қызметкерлердің жеке деректері сұралған жоқ.
Алайда 28 қыркүйектегі жауабында басқарма сұралған сандық және қаржылық көрсеткіштерді ұсынбады. Бұған рәсімдердің әлі жалғасып жатқаны, дербес деректерді қорғау және қызметтік ақпаратқа қатысты шектеулер негіз ретінде көрсетілді.
Жауапты орындаушы ретінде Кулманов Ғалымжан Мирзаевич көрсетілген. Кейін оның құқықтық жұмыс бөлімінде статист-маман қызметін атқаратыны анықталды. Жауапқа басқарма басшысының орынбасары Тәжімурат Ермек Атшыбайұлы қол қойған.
Осыдан кейін біз осындай мазмұндағы сұрауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадық. Министрлік өтінішті қайтадан сол басқармаға жіберді. Бұл жолы ведомство қайтарылуға тиіс сыйақылардың жалпы сомасы шамамен 500 млн теңгені құрағанын, оның 80 млн теңгеге жуығы ерікті түрде қайтарылғанын хабарлады. Сондай-ақ жауапта жеті медициналық ұйымның сотқа жүгінгені көрсетілген.
Екінші жауапқа да Тәжімурат Ермек Атшыбайұлы қол қойған. Осылайша, редакцияға бастапқыда берілмеген мәліметтерді кейін сол мемлекеттік органның өзі жария етті.
Шағымда біз бастапқы жауаптың толықтығына және сұратылған мәліметтерді қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызудың негізділігіне құқықтық баға беруді сұрадық. Сонымен қатар жауапты орындаушы мен оған қол қойған басқарма басшысының орынбасарының әрекеттеріне жеке баға беріп, мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп туралы заңнама талаптарының сақталуын тексеруді өтіндік.
Кулманов Ғалымжан Мирзаевичтің кім екенін және оның жауапты орындаушы ретінде неліктен көрсетілгенін анықтау барысында біз Алматыдағы медициналық ұйымдарда қоғамдық мүддеге әсер ететін өзге де заңбұзушылықтар туралы мәліметтерге қол жеткіздік. Бұдан бөлек, редакция жекелеген медициналық ұйымдардың басшыларын тағайындау кезінде ықтимал заңбұзушылықтарға жол берілгені туралы ақпаратты тексеріп жатыр.
Шағымды қарау және келіп түскен ақпаратты тексеру нәтижелері туралы алдағы жарияланымдарымызда хабарлаймыз.
